Әдебиеттер:
1. Лысенко В.Г. Философия раннего буддизма. - М., 1994.
2. Андросов В.П. Будда Шакьямуни. – М., 2001.
3. Ермакова Т.В., Островская Е.П. Классический буддизм. – СПб., 1999.
ЛАМАИЗМ
Ламаизм – буддизмнің кең тараған бір бағыты болып есептеледі. Бұл ерекше бағыттың атауы монахты немесе абызды білдіретін “лама” сөзінен шыққан. Ламаизм VII-шы ғасырда тантризм мен махаянаның қытайланған түрінің негізінде Тибетте пайда болды.
Тантризм бұл буддизм мен индуизмнің әр түрлі мектептері мен бағыттарының ортақ атауы. Бұл ілімнің негізгі идеясы ламаизм іліміне күшті ықпал еткендігін көруге болады. Ол адам тәні мен космостың бірлігі, барлық мәнділіктің энергетикалық бастамасы деген идея. Адам микрокосмос ретінде қарастырылады, оның денесі Жоғары Космосқа ұқсас. Тантризмнің бір ерекшелігі бұнда жыныстық энергетикалық әйел бастамасына табынады. Буддистік тантра бойынша ең мәнді философия емес, практика, яғни қиял-ғажайып әрекет пен магия. Сондықтан да тантризм көзқарасы бойынша тұқымдастыру актысы имитациясымен табиғаттың молшылығын шақыру, байлығын көбейтуге болады. Осындай имитация актысы ламаистік ғибадаттың бір формасының көрінісі болып есптеледі.
Тантризммен йогалық практика тығыз байланысты. Йога адамның тыныштықтағы энергетикалық потенциясын оятуға ұмтылады. Тантраның бұл жолына жету үшін адамдарға рухани ұстаз гуру немесе лама, эзотерикалық дұғалар, мантралар немесе символдар, төменгі сатыдағы құдайлар, буддизм уағызшылары мен бодхиссаттвалар көмектеседі.
Тантризмнің ілімін игермей, ламаизмнің ерекшелігін, әсіресе діни сенімі мен рәсімдерін түсіну қиын. Бірақ, ламаизмге дейін Тибеттегі жергілікті халықтардың діні бон-по ( рухтарға, табиғат күштеріне табынатын анимистік сенім) болды. Әрине ламаизмде бұл сенімнің көрінісі болуы табиғи құбылыс. Сондықтан да ламаизмнің доктриналық негізі буддизм болса да, ғалымдар бұл дінді синкретикалық сенім деп бағалайды.
Ламаизмде кең және тармақталған құдайлар пантеоны бар. Оған дәстүрлі буддизммен қоса жергілікті тибеттіктердің, монғолдардың, буряттардың, қалмақ пен тувалықтардың құдайлары кіреді. Осы құдайлар пантеонының шыңында Будда Шакьямуни – қазіргі космостық ғасырдың буддасы тұр. Онымен қоса Будда Майтрейя – болашақтағы будда ерекше орын алады. Әлемнің қорғаушылары ретінде өздерінің ерекше қасиеттерімен Амитабха, Вайроган, Акайб бейнесіндегі алғашқы буддалар мойындалады. Бұл дінде буддалар мен қоса бодхисаттвваларға табынады. Бодхисаттвалардың ішінде Амитабханың Авалокитехара мен ұлы маг және Манджушридің данышпаны атанған Ваджранани ерекше құрметке ие.
Энергетикалық бастапқы негіз туралы түсініктің дамуынан құдайлардың серігі, олардың әйелдік ипостасы Шакти образы қалыптасты. Нәтижесінде құдайлар мен бодхисаттвалардан көптеген жанұялар мен нөкерлер пайда болды. Оларға құдайлардың серіктері – шактилер, рухани ұлдар – бодхисаттвалар, будданың қорғаушылар мен қарсы күресуші, перілер кіреді. Бұл пантеонға буддизмнің діни қайраткерлері де кіргізіледі, мысалы ұлы уағыздаушы және маг Падмассомбхава (гуру Ремного VIII ғ.) есімін айтуға болады. Бұл ұстаз бен оның шәкірттерінің есімі Тибетте, Неаполда, Сиккимде буддизм мен ламаизмнің пайда болуымен байланыстырылады.
Аңыз бойынша патша Сронцзан Гамбо мен оның екі әйелі непалдық және қытайлық ханзадалар буддизмнің қасиетті жазбаларын Тибетке әкелген. Олар буддизмнің таратушылары ретінде ерекше құрметтеліп, кейіннен оларға құдай ретінде табынған. Сронцзан Гамбо дүниеден кеткенне кейін Тибеттегі буддизмнің дамуы Падма Самбхаваның есімімен байланысты. Ол тибеттік буддизмді тантризм ілімімен жаңартты. Бірақ бұл кезде буддизм қудалауға түсіп, орныға алмады. Тек 11 ғасырда Үндістаннан келген Аттиша Тибетте бірнеше үлкен монастырлар ашып, классикалық буддизмнің дәстүрлерін дамытатын реформалар жүргізді. Бұл реформаларға наразы болған Падма Самбхаваның ізбасарлары – қызыл бөріктілер, ал Аттишаның бағытындағылар – сары бөріктілер болып бөлінді. Тибеттегі монғолдар билігі тұсында қызыл бөріктілер өздерінің рухани және саяси өмірдегі басшылығын күшейтіп алды. Буддизмнің соңғы жетістігі және оның тибеттік түрі - ламаизмнің пайда болуы Цзонхаваның есімі мен реформаларына байланысты.
Цзонхава өзінің реформаларында ең алдымен классикалық буддизмнің нормаларын қалпына келтіруді қолға алды. Ламаистердің қасиетті кітабына айналған Цзонхаваның еңбегі Ламрим (даналықтың баспалдақтарынан тұратын Ұлы жол). Бұл еңбегінде ол монахтар өміріне некесіздік пен қатал монастырлық тәртіпті кіргізді. Цзонхаваның ілімі кейіннен гэлукпа деген атпен белгілі болды. Екіншіден ол Падма Самбхава кіргізген рәсімдерге қарсы шығып шектеу салды. Өзінің трактаттарында тантризм рәсімдері, иммитациялық-символдық методтар мен шакти қуатын игеру тәжрибесін уағыздайды.
Цзонхаваның кіргізген жаңалығының нәтижесінде монахтардың беделі бірден көтерілді. Енді буддизмнің негізгі талаптарын мойындау (Буддаға, дхармаға, сангхаға берілу) жеткіліксіз болды. Бұл Ұлы ілімді меңгерудің бірден-бір жолы ұстаз бен шәкірт арасындағы байланыс болып есептеледі. Шәкірттің ұстазына сенімі, құрметі, сөзсіз бағынуы шарт. Осылайша ламаизм азаптан құтылудың жолын көрсетті.
Ламаизмнің діни әдебиеті Ганджур 108 томнан, ал оның түсініктемелері Данджур 225 томнан тұрады. Бұл жинақтарда жоғарыда айтылғандай буддизм тарихында жинақталған идеялардың синтезі берілген, әйтсе де ламаизмнің буддизм іліміне кіргізген жаңалығына көңіл аудармау мүмкін емес.
Ламаизмде нирвана азаптан құтылудың жоғарғы мақсаты ретінде қарастырылмайды. Бұнда үлкен космологиялық жүйе беріледі. Оның шыңында буддалардың буддасы – Адибудда әлемдердің басшысы тұр. Оның негізгі атрибуты шуньята (бос кеңістік). Осы бос кеңістік буддалардың рухани тәндері, рухани мәнділік, ол барлық тірі жанды баурап алады. Әр адамда будданың бір бөлшегі бар, сондықтан да олар құтылуға деген ұмтылысқа иеленеді. Егер адам өзіндегі осы буддалық бөлшекті күшейтудің қажеттігін түсінсе, ол адам бодхисаттва күйіне көтеріледі.
Ламайлықтар төрт топтағы табиғаттан тыс күштерге сенеді.
- Перілер немесе асуралар мәңгілік өмір сүретін зұлым күштер.
- Преттер - өлген адамдардың жаны беріледі. Олар тозаққа түскендерді жазалайды.
- Шамбалалық жауынгерлер – шамбала деп аталатын ерекше елде тұрады. Бұл елдің қайда екенін адамдар білмейді, біле де алмайды. Осы елде Ригден деген патша басқаратын әскер бар. Олар құдайлардың (бұрхандардың) үкімімен кез-келген уақытта дінсіздерге қарсы соғыс жүргізу үшін жер бетінде пайда болуы мүмкін.
- Бұрхандар (құдайлар) ламаизмде бірнеше мыңнан артық, бірақ ламайлықтар кейбіріне ғана сиынады.
Ламаизм сенімі бойынша болашақта Будда – Майдари келеді, сонымен қоса жер бетінде жаңа әділ өмір орнайды. Ламаизмдегі жан туралы ілім үш идеяны біріктіреді. Ол буддизм мен индуизмдегі дәстүрлі ұғым. Жан адамның тәніне тәуелсіз мәңгілік өмір сүретін бөлігі. Жан пайда болмайды, ол әрқашан бар болмыс. Жан дхарма деп аталатын ұсақ бөлшектердің жиынтығы.
Ламаизмдегі о дүние екі деңгейден тұрады. Бірінші индуизмдегі сияқты сансара деп аталады. Жан бір денеден екінші денеге ауысып отырады. Ал жанның қайта тууы кармамен (тағдырмен) анықталады. Пәк жандар жұмаққа (сухаватиге), ал күнәһарлар тозаққа (нарокаға) түседі. Бірақ бұл уақытша ғана болып, пәк жандар да, күнәһарлар да адам денесіне қайтып оралады.
О дүниенің екінші деңгейі ерекше діндарларға арналған. Ол – нирвана. Бұл да жұмақ, бірақ бұндағы рахаттың деңгейі сухаватимен салыстырғанда тым жоғары.
Жұмақтың бұл төріне жету үшін адам діни практикамен айналысуы керек. Ең алдымен Будданы, Оның ілімімен және Рухани бірлестікті қабылдау керек.
Ламаизмнің Тибетте дамуы бұл ауданды ламаизмнің ұйымдастырушы және рухани орталығына айналдырды. 1959 жылы Тибетте болған діни-ұлттық қозғалыстан кейін Далай-лама және жүз мыңнан астам ламаистер Қытайдан кетуге мәжбүр болып, Үндістан, Непал, Бутанға орнықты. Далай-ламаның өзі Үндістанда тоқтады.
Монғолия территориясына XVI ғасырда кіріп, одан XVIІІ ғасырда Ресей территориясында мекендейтін бурят, тува және қалмақ халықтарына тараған.
Тибеттің астанасы Лхас қаласында 1959 жылы ламаизмнің ламайлықтардың басшысы Далай – Ламаның (монғолша- лама-теңіз, яғни лама теңіз тәрізді ұлы) резиденциясы болды. Ең бірінші Далай лама дәрежесі Биндуидубке 1391 жылы берілді. Қазіргі кезде ламаистердің басшысы XIV Далай – лама қайта-қайта туғандардың ішіндегі ең жоғарғысы. Ол Ұлы бодхисаттва Авалокитешвараның бейнесіндегі тірі құдай. Оның беделі ламайлықтардың арасында ғана емес бүкіл дүниежүзіне белгілі. Оған әлемдік Нобель сыйлығының берілуі осыған дәлел (500 мың доллар көлеміндегі сыйақыны ол аш-жалаңаштарға көмекке берген). Далай-лама өзінің рухани ілімін тарату мақсатында әлемнің барлық елдеріне саяхат жасайды. 1980 жылдары Қазақстанда да болып қайтты.
Далай-ламаның орнын басу үшін белгілі бір талаптар орындалуы қажет. Далай-лама ламаистер үшін тек басшы ғана емес, рухани бастама ретінде қабылданады. Сонддықтан ламалар Ламалардан құрылған комиссия дүниеден кеткен Далай-ламаның құдайлық қасиеті берілген деп тапқан жас нәресте таңдап алынады. Ол нәресте монастырға қабылданып, қажетті тәрбие қабылдайды. Жаңа Далай-лама кәмелеттік жасқа толғанға дейін оның қызметін регент атқарады.
Ламаизмнің діни өмірі монастырмен тығыз байланысты. Бұнда сиыну, діни рәсім, оқу-ағартушылық, діни уағыз, саяси қызмет іске асырылады.
Монахтардың, тыңдаушылардың, шәкірттердің өмірі де монастырдың ішінде өтеді. Монастырларда икондар – такка, музыкалық аспаптар, Ганджур мен Ганджурдың қасиетті текстері, ерекше мадақталатын құдайлардың бейнесі сақталады.
- Ламаистер үшін Далай-лама берген мына кеңестер өте құнды деп есептеледі:
- Ұлы махаббат та, ұлы жетістік те ұлы тәуекелге байланысты болатынын естен шығарма.
- Бір нәрсені жоғалтсаң одан өзіңе сабақ ал.
- Есіңде болсын өзіңнің ұмтылған нәрсеңе қолың жетпесе, оның өзі де саған деген сәттілік болуы мүмкін.
- Үлкен достықты ұсақ таласпен бұзып алма.
- Егер қателік жасағаныңды сезсең сол сәтте оны жөндеуге тырыс.
- Әр күн бір уақыт өзіңмен өзің болуға тырыс.
- Есіңде болсын үнсіздік жақсы жауаптардың бірі болады.
- Таза, әзіл өмір сүруге тырыс. Қартайғанда артыңа қарап өз өміріңнен ләззәт ал.
- Өз жанұяңдағы мейірімді сезімдер сенің өміріңнің іргетасы болады
- Жерді жаныңдай сүй.
- Жылына бір рет ешқашан болмаған жеріңе баруға тырыс.
- Есіңде болсын адамның бір-біріне деген махаббаты олардың бір-біріне деген қажеттілігінен жоғары болуға тиіс.
Әдебиеттер:
1. Далай Лама. Мир Тибетского буддизма. – СПб., 1996.
2. Ермаков М.Е. Мир Китайского буддизма. – СПб., 1994.
ХРИСТИАНДЫҚ
Христиан діні әлемдегі ең көп тараған діндердің бірі және қазіргі таңда 2 миллиардқа жақын ұстанушылары бар. Христиандық православия, католицизм, протестанттық деген үш негізгі бағытты біріктіреді. «Христос» сөзі грек тілінен алынған, мессия, құтқарушы деп аударылады. Осы есіммен Иисус Христос Көне Өсиетте болашақта Израил жеріне келіп, ол жердегі халықты қиыншылықтан құтқаратын, әділеттілікті орнататын пайғамбар ретінде сипатталады. Бұл дін б.з. I ғасырында Помпей шапқыншылығынан кейін Рим империясының құрамына кірген Палестинада пайда еді. Палестинаның, әсіресе, оның орталық бөлігі – Самария тұрғындарының этникалық құрамы әртүрлі болды. Бұл жерлерге қоныс аударғандар мұнда өз мәдениеттері мен діндерінің элементтерін ала келді.
Вавилон, парсы, македон басқыншылығын (б.з.б. VI-II ғғ.) және жат елдік Птоломейлер мен Селеквидтер әулетінің билігін бастан кешірген Палестиналық еврейлер аз уақытқа саяси тәуелсіздікке қол жеткізеді. Б.з.б. 140 жылдан бастап тәуелсіз Иудеяны маккавей (хасмоней) әулетінің алғашқы священник – патшалары билейді. Олар ел территориясын ұлғайтумен қатар тұрғындарға иудей дінін қабылдатуға белсенді ат салысады. Б.з.б 36 ж. Рим қолбасшысы Гней Помпей әскерлері Иудеяны жаулап алады сөйтіп. Сирия провинциясына қосылған Иудея Рим империясының бір бөлігіне айналды. Б.з.б. VI ғ. Иудея мен Самария өзін-өзі басқарудың соңғы белгілерінен айырылды. Енді билік толығымен Рим тағайындаған билеушінің қолына шоғырланды. Бас абыз басқарған абыздар мен ақсүйек өкілдерінен тұрған кеңес - Синдрионның құқы шектеліп, ол римдіктердің толық бақылауына өтті.
Саяси тәуелсіздіктен айырылуды Палестина тұрғындарының бір бөлігі қасірет ретінде қабылдады. Халық арасында әкелер өсиетін, діни рәсімдер мен тиым салуларды бұзғаны үшін құдай қаһарына ұшырағандық туралы идеялар кең таралды. Бұл еврейлердің діни – ұлттық топтары хасидейлер (ізгі иудейлер) мен фарисейлердің (жіктелгендердің) позицияларының нығаюына үлкен ықпал етті. Фарисейлер иудаизмнің тазалығы үшін, жат жерліктердің ықпалына қарсы күресіп, дәстүрлі жүріс – тұрыс нормаларын сақтауға шақырды. Бұл жаңа өсиет мәтіндерінде көрініс тапты. Әлеуметтік құрамы бойынша фарисейлер қала тұрғындарының орта таптарынан (саудагерлер мен қолөнершілерден, синагога оқытушыларынан) тұрды.
Жергілікті дәстүрлермен, киелі діни орындармен санаспаған жат жергіліктер билігіне деген наразылық, римге қарсы көтерілістердің аяусыз басылуынан туындаған енжарлық, әлеуметтік және мүліктік теңсіздіктің тереңдеуі, ішкі қайшылықтар, сенімсіздік пен апатия, болашақтың бұлыңғырлығы сезімі мен мистикалық уайым сарындарын туындатты. Б.з. I ғасырда Палестинада көп кешікпей құтқарушының, мессияның (машиах) «құдай белгісі бардың» келетінін және оның иудей халықын құтқарып «иудей патшасы» болатындығын уағыздаушылар қаптап кетті. Шығыстың әртүрлі діни ілімдері сияқты Рим діні де аш-жалаңаш халыққа ешбір үміт бере алмады, Рим дінінің ұлттық сипаты ұлттық әділеттілік, аман қалу теңдігі идеяларын нығайтуға мүмкіндік бермеді. Христиан діні құлдық тәртіпті айыптап, қарапайым халықтың мүдделерін қорғауға талпынды. Сөйтіп, адамдарға Христос әкелген құдайылық ақиқатты тану арқылы әрбір адам бостандыққа жете алады деп жариялайды. Адам төзгісіз қоғамдық қатынастарға қарсы шығып, әр адамға түсінікті адамгершілік құндылықтарды ұстануға шақырған христиан діні тез арада үлкен идеялық күшке айналды.
Христиан дінін ұстанушылар христиан дінін адамдар ойлап тапқан жоқ, ол адамзатқа құдайдың жіберген діні дейді. Бірақ діни ілімдердің салыстырмалы тарихы христиан дінінің пайда болуына діни, философиялық, этикалық ықпалдардың болғанын айғақтайды.
Христианшылдық иудаизмның, митраизмнің, көне шығыс діндерінің философиялық көзқарастарының концептуалдық идеяларын игеріп, қайта қарастырды. Осының бәрі жаңа дінді байытып, нығайтты, ұлттық – этникалық мәдениеттерге қарсы тұруға дәрменді мәдени – интеллектуалдық күшке, бұқаралық қозғалысқа айналдырды. Христианшылдықтың бұрынғы діни-мәдени мұраны игеруі жаңа ілімнің жалпыға танылуына мүмкіндік берді.
Христиан ілімінің қалыптасуына Филон Александрийскийдің (б.з.б. 25 – б.з. 50 жж.) неоплотонизмі мен римдік ойшыл Сенеканың этикалық көзқарастары ерекше әсер етті. Филон библиялық дәстүрге аян алуда танылатын және жаратушы сөзі ретінде түсінілетін Логос ұғымы мен эллинистік дәстүрде ғарыш қозғалысын бағыттайтын ішкі заң ретіндегі Логосты біріктірді. Филон Логосты мәнді пайымдауға мүмкіндік беретін Қасиетті сөз ретінде қарастырды. Филонның адамдардың туа біткен күнәһарлығы, мойынсұну, мәннің дүниенің бастауы ретіндегі ілімдері, Құдайға жақындау құралы - экстаз, жоғарғы Логос және Құдай ұлы болып табылатын логостар (періштелер) туралы идеялары, рухани бастаулардың иерархиялығы туралы түсініктері христиандық көзқарастардың идеялық алғышарттары болдып табылады және бұл идеялар мен түсініктер христиандықтың қалыптасуына зор ықпал етті. Христианшылдықтың ізгілікке жету туралы адамгершілік ілімі Луцей Анней Сенека көзқарастарына өте ұқсас. Сенека кез-келген адам үшін бастысы құдайылық қажеттілікті түсіну арқылы рухани бостандыққа жету деп санады.